Ресей президенті Владимир Путин бейсенбі күні Мәскеудің Украинадағы жағдайды реттеу жөнінде келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей Украинамен соғысқысы келмейді.
«Біз Украинамен соғысқымыз келмейді. Бірақ егер қазіргі украин басшылығы соғысқысы келсе, соғыса берсін», — деді Путин ВГТРК тілшісі Павел Зарубинге.
Путиннің сөзінше, осы аптада АҚШ өкілдерімен өткен келіссөздер барысында үшжақты байланыстарды қайта жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген.
Оның айтуынша, келіссөздерде бейбіт келісім жасалғаннан кейін Украина мен Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланбақ.
Путин уақытша бітімге қарсы екенін тағы да аңғартты. Ол соғыс қимылдарын қысқа мерзімге тоқтатумен шектелмей, түпкілікті келісімге қол жеткізу қажет екенін айтты.
Сондай-ақ Ресей басшысы Украинаның шығысындағы Мәскеу басып алған әрі өзіне тиесілі деп санайтын аумақтарды «тарихи Ресей жері» деп атады.
«Менің бұл мәселеге көзқарасым бойынша, ол жерлер олардың аумағы емес. Бұл — тарихи Ресейдің жері. Сондықтан қандай да бір аумақтық шығындар туралы айту орынсыз деп ойлаймын», — деді Путин.