Бельгия астанасы Брюссельдегі әйгілі «Сиіп тұрған бала» (Маннекен-Пис) мүсіні Қазақстанның ұлттық шапанымен безендірілді. Ерекше киім киген ескерткішті көруге жүздеген турист пен қала тұрғыны жиналды, деп хабарлайды ult.kz NewTimes.kz-ке сілтеме жасап.
Іс-шара Қазақстан Республикасының күніне орай ұйымдастырылды. Елшілік мәліметінше, Маннекен-Пис мүсініне қазақы шапан үшінші рет кигізіліп отыр. Бұған дейін мүсін 2021 жылдың жазында және былтыр қазан айында ұлттық киіммен безендірілген.
Елшілік өкілдері бұл дәстүр Қазақстан мен Бельгия арасындағы достық пен мәдени байланыстың жарқын символына айналғанын атап өтті. Мүсінді қазақы шапанмен 21 қазанда Брюссельдің тарихи орталығынан көруге мүмкіндік болды.
Мүсіннің киімдер топтамасында мыңнан астам үлгі бар
Маннекен-Пис мүсінін түрлі киіммен безендіру дәстүрі үш ғасырдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Мүсінге алғашқы киім 1698 жылы сыйға тартылған.
Қазір оның киімдер топтамасында әлемнің әртүрлі елдерінен жиналған мыңнан астам киім үлгісі бар. Мүсіннің киімін ауыстыру салтанатты рәсіммен және үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.
Әйгілі мүсін Брюссельдің тарихи орталығында, Rue de l'Étuve және Rue du Chêne көшелерінің қиылысында, Гран-Плас алаңына жақын жерде орналасқан.