Франциядан кейін Италияда да халық өмір сүру құнының өсуіне қарсы көшеге шықты. Милан мен Болонья қалаларында шерулер полициямен қақтығысқа ұласып, кемінде 60 адам жарақат алды, деп хабарлайды ult.kz.
Миланда наразылық білдірушілер полицияға тас пен петарда лақтырып, баррикадаларды өртеп, дүкендердің әйнектерін сындырған. Бұған жауап ретінде полиция көзден жас ағызатын газ бен су атқыш машиналарды қолданды. Қала көшелері мен ірі сауда орталықтарының бірінде жарылыстар болғаны хабарланды.
Миланда шамамен 50 адам ұсталды. Олардың жартысына жуығы — кәмелетке толмағандар.
Болоньяда полициямен қақтығыстар теміржол вокзалы маңында болды. Мұнда да көзден жас ағызатын газ бен су атқыш машиналар қолданылды. Туринде тәртіпсіздіктер Porta Nuova вокзалының жанындағы кітап дүкеніне дейін жетті. Осы екі қалада тағы 19 адам ұсталды.
Наразылыққа қатысушылардың негізгі талаптары — өмір сүру құнының өсуін тоқтату, салық жүктемесін азайту, жалақыны көтеру және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту.
Осылайша, Еуропаның бірнеше елінде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайға наразылығы күшейіп келеді.
Алайда бейбіт шерулердің тәртіпсіздікке ұласуы билік пен қоғам арасындағы шиеленісті одан әрі тереңдетуі мүмкін.