25 млн теңгенің жылқысын ұрлаған әкелі-балалы екеу ұсталды

25 млн теңгенің жылқысын ұрлаған әкелі-балалы екеу ұсталды
Polisia.kz

Ақмола облысында 77 жылқыны ұрлады деген күдікпен әкесі мен баласы қамауға алынды. Мал иесіне келтірілген шығын 25 миллион теңгеден асты. Қазір ұрланған жылқылардың 40-тан астамы иесіне қайтарылды, деп хабарлайды ult.kz.

Полицияға жылқылардың жоғалғаны туралы биыл мамыр айында арыз түскен. Мал Ерейментау ауданындағы ауылдардың бірінің маңында еркін жайылымда жүрген.

Тәртіп сақшылары бұрын осындай қылмыстар үшін сотталған адамдарды тексеріп, ет базарлары мен ұрланған малды өткізуі мүмкін орындарды зерделеген. Нәтижесінде Степногорск қаласының тұрғындары — әкесі мен баласы күдікке ілінді.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер көктемде жылқыларды Ерейментау ауданынан Степногорскіге айдап әкеліп, қала сыртындағы қашаларда ұстаған. Кейін малды біртіндеп сатқан.

Қазір екі күдікті де ұсталып, қамауға алынған. Тергеу жалғасып жатыр.