1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша қалыптастырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін енгізді. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері, заң магистрі Дархан Төкеев Ult.kz тілшісіне Ата заңның негізгі ерекшеліктері мен конституциялық реформалардың маңызы туралы айтып берді.
- Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының ең маңызды жаңалықтары қандай?
- 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттің конституциялық-құқықтық моделін кешенді түрде жаңартуға бағытталған.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі – қос палаталы Парламенттің (Сенат пен Мәжілістің) орнына бірыңғай заң шығарушы орган Құрылтайдың құрылуы. Бұл заң шығару жүйесін жаңғыртып, өкілді биліктің жаңа моделін қалыптастырды.
Екінші маңызды жаңалық – Вице-Президент институтының енгізілуі. Вице-Президент конституциялық лауазымды тұлға ретінде мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз етеді және Конституцияда көзделген өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Сонымен қатар, Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық береді. Әлеуметтік, цифрлық және экологиялық құқықтардың конституциялық кепілдіктері кеңейтіліп, адамның қадір-қасиетін қорғаудың жаңа тетіктері бекітілді.
Жаңа Конституция мемлекеттік институттар жүйесін де жаңғыртты. Мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктер қайта бөлініп, атқарушы және сот билігінің конституциялық негіздері жетілдірілді, мемлекеттік басқарудың жаңа тетіктері енгізілді.
Сондай-ақ Конституция мемлекеттің зайырлы сипатын, саяси плюрализм қағидатын бекітіп, ер мен әйелдің заңда белгіленген тәртіппен тіркелген ерікті одағы ретінде некені айқындау сияқты бірқатар жаңа конституциялық ережелерді орнықтырды.
- Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының ерекшелігі неде?
- Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – оның бұрынғы Конституцияға енгізілген кезекті өзгерістер мен толықтырулар емес, 1995 жылғы Конституцияның орнына қабылданған жаңа Негізгі Заң болуында.
Бұл Конституция мемлекеттік билікті ұйымдастырудың және конституциялық-құқықтық реттеудің жаңа моделін қалыптастырды. Атап айтқанда, бір палаталы Құрылтай құрылып, Вице-Президент институты мен Қазақстан Халық Кеңесі сияқты жаңа конституциялық институттар енгізілді.
Сонымен бірге адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктері кеңейтіліп, әлеуметтік, цифрлық және экологиялық құқықтарды қорғаудың қосымшатетіктері көзделді.
Президент, Үкімет, Құрылтай және сот билігі арасындағы өкілеттіктердің жаңа арақатынасы белгіленіп, мемлекеттік басқаружүйесі жаңғыртылды. Конституцияның құрылымы қайта қаралып, мемлекеттік билік органдарының өзара іс-қимылының жаңа тетіктері бекітілді.
Демек, жаңа Конституцияның ерекшелігі – жекелеген нормаларды өзгерту емес, мемлекеттің конституциялық құрылысын, мемлекеттік басқару жүйесін және адамның құқықтарын қорғау тетіктерін кешенді түрде реформалауында.
- Конституциялық реформалардың табысты іске асырылуы үшін қандай жағдайлар қажет?
- Конституциялық реформаның табысты болуы жаңа Конституцияның қабылдануымен ғана емес, оның іс жүзінде тиімді әрі дәйекті жүзеге асырылуымен тікелей байланысты. Сондықтан бұл үдерісте мемлекет пен қоғамның бірлескен жауапкершілігі ерекше маңызға ие.
Мемлекет, ең алдымен, қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституция талаптарына уақтылы сәйкестендіруге, Конституцияның үстемдігі мен заңдылықты қамтамасыз етуге, жаңадан құрылған мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасауға тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттырып, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік беруі қажет.
Өз кезегінде азаматтық қоғам мен азаматтардың да рөлі маңызды. Азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуы, Конституция мен заңдарды сақтау, құқықтық мәдениет пен құқықтық сананы арттыру, қоғамдық бақылау тетіктерін тиімді пайдалану және мемлекетпен сындарлы диалог орнату реформалардың табысты жүзеге асуына ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, Конституцияның үстемдігі қамтамасыз етіліп, мемлекет пен қоғам өзара жауапкершілік қағидаты негізінде әрекет еткен жағдайда ғана конституциялық реформаның негізгі мақсаттарына қол жеткізуге, демократиялық институттарды нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге болады.