Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей-Украина қақтығысына қатысты мәлімдемелеріне талдау жасады. Ол Мемлекет басшысының жекелеген сөздерін бөлек қарамай, Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымының тұтас көрінісі ретінде бағалау қажет екенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Әшімбаевтың пікірінше, Тоқаев тәжірибелі дипломат әрі Қазақстан сияқты мемлекет басшысы ретінде прагматикалық ұстанымын ашық айтып келеді.
Саясаттанушы Президенттің Ресеймен достық және одақтастық қатынастарды сақтай отырып, Украинамен де ынтымақтастықтан бас тартпайтынына назар аударды.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Тоқаев Қазақстанның мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау қағидатын тұрақты түрде ұстанып келеді. Президент Германиядағы брифингте де Қазақстанның БҰҰ Жарғысын басшылыққа алатынын және барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығын құрметтейтінін айтты.
Тоқаев соғысты тоқтатуды емес, әскери іс-қимылды тоқтата тұруды ұсынды
Әшімбаев Президенттің Омбыда айтқан сөзіне қатысты Германияда берген түсініктемесіне де тоқталды.
Тоқаев бұған дейін соғысты бірден тоқтатуға шақырмағанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда мұндай қадамды іске асыру шынайы болмауы мүмкін. Президенттің ұсынысы – Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша тоқтатып, кейін дипломатиялық немесе басқа да келіссөздер процесіне көшу.
«Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда бұл, бәлкім, мүмкін емес екенін түсінемін. Мен Украина аумағындағы әскери іс-қимылды тоқтатып, дипломатиялық немесе кез келген келіссөздер процесіне көшу туралы айтып отырмын. Біздің ұстанымымыз осы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әшімбаевтың пайымынша, Қазақстанның ұстанымы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған.
«Әр қақтығыстың реттелу жолы болуы керек»
Саясаттанушы Қазақстанның әскери қақтығыстарға қатысты ұстанымын елдің жалпы сыртқы және ішкі саясатының қағидаларымен байланыстырды.
Оның айтуынша, кез келген қақтығыстың тарихы мен себептері болғанымен, оны реттеудің жолы мен перспективасы да болуы қажет.
«Қазақстан, басқа елдер мен халықтар сияқты, барлық бағыттағы әскери қақтығыстардан шаршады», – деп жазды Данияр Әшімбаев.
Ол Қазақстан саясатының негізінде прагматизм, ынтымақтастық және келісім қағидаттары жатқанын атап өтті.
Саясаттанушының пікірінше, Қазақстан үшін Ресеймен де тұрақты қарым-қатынас маңызды, сонымен бірге Еуразияда бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуы да маңызды.
«Қазақстан Ресейдің күшті болғанына да, Еуразияда бейбітшілік орнағанына да мүдделі», – деп түйіндеді Данияр Ашимбаев.