Ерлан Қарин: Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы жалпыұлттық қасіретке айналды

Ерлан Қарин: Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы жалпыұлттық қасіретке айналды
ашық дереккөз

Вице-президент Ерлан Қарин Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге қатысты қабылданған шаралар туралы жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, Каспийдегі қайғылы жағдай жалпыұлттық қасіретке айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккендерге көмек көрсету және оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу мәселелерін жеке бақылауына алған.

Президенттің Жарлығымен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына жіберілді. Қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті көмек көрсету тапсырылды.

Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау үшін қылмыстық іс қозғаған. Үкіметтік комиссияның хабарлауынша, тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті сараптамалар тағайындалған.

Қариннің жазуынша, Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету үшін арнайы қор құрылып, қайырымдылық қаражатын жинау жұмысы басталған. Оның қаражатын әділ әрі ашық бөлу үшін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратын қоғамдық комиссия жасақталған.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысын тағайындап, ведомство жұмысын кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрғанын атап өтті. Комиссияға қаржы және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайына аудит жүргізу тапсырылған. Ал оның алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде баяндалуға тиіс.

Бұдан бөлек, Президент он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырған. Реформаның негізгі мақсаты – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірін басты басымдыққа айналдыратын жаңа үлгідегі армия құру.

«Ең бастысы, мемлекет тек жедел әрекет етіп қана қоймай, оқиғалардың түпкі себептерін жоюға бағытталған жүйелі әрі кешенді шешімдерді қабылдауда», – деп жазды Ерлан Қарин.