Жангелдиндегі қанды оқиға: Ақбаян Мұқанғалиева қылмысқа қатысы жоқ деп танылды

Жангелдиндегі қанды оқиға: Ақбаян Мұқанғалиева қылмысқа қатысы жоқ деп танылды
Фото: әлеуметтік желіден

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған отбасы өлімі ісі бойынша басты күдіктінің жұбайы қылмысқа қатысы жоқ деп танылды, деп хабарлайды ult.kz Атырау облысының прокуратурасына сілтеме жасап. 

Дегенмен Ақбаян Мұқанғалиеваға «Қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша айып тағылуы мүмкін. Түпкілікті процессуалдық шешім тергеу қорытындысы бойынша қабылданады.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Бұған дейін Атырау облысының прокуратурасы психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемалиевтің есі дұрыс деп танылғанын хабарлаған. Күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева сот санкциясымен стационарлық сот-психологиялық-психиатриялық сараптамадан өту үшін  мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылған.

Оның алдындағы сотта айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін ішінара мойындады. Ол Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтіргенін жоққа шығарып, мұны өзін-өзі қорғау кезіндегі абайсыздық деп түсіндірді. Алайда қалған үш құрбанды әдейі өлтіргенін растады. Сотталушы Мақсот Қарабалинге – 9, Өтешқалиеваға – 8, Наурыз Мұқанғалиевге  – 10, ал Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ сұққанын ашық айтты.