Жаңақорғанда 20 жастағы жігіттің мәйіті құдықтан табылды

Жаңақорғанда 20 жастағы жігіттің мәйіті құдықтан табылды
Коллаж: әлеуметтік желі

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 20 жастағы Мейіржан Рүстемнің мәйіті құдықтан табылды. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, марқұмның 15 жастағы туған інісі күдікке ілініп, қамауға алынған, деп хабарлайды ult.kz.

Мейіржан 30 мамыр түні үйінің ауласында ұйықтаған. Таңертең жақындары оның жоқ екенін байқап, іздеуге кіріскен. Туыстарының айтуынша, іздеу жұмыстары барысында жігіттің денесі бір тәуліктен кейін үйінен шамамен 400 метр жердегі жергілікті су құбырының құдығынан табылған.

Марқұмның туыстары оның денесінен көгерген іздер байқалғанын, ал мойнында жіпке ұқсас із болғанын айтады. Сондай-ақ кей мәліметтерде мәйіттің көрпеге оралған күйде табылғаны айтылған.

Қазір бұл факті бойынша тергеу жүріп жатыр. Іс аясында марқұмның кәмелетке толмаған інісі күдікті ретінде қамауға алынған.

Алайда отбасы бұл нұсқамен келіспейді. Туыстары 15 жастағы жасөспірімнің қылмысқа қатысы жоқ екенін айтып, істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті тексеруді талап етуде.