Жамбыл облысында "ЕуроХим" күкірт қышқылы зауыты іске қосылды

Жамбыл облысында "ЕуроХим" күкірт қышқылы зауыты іске қосылды
ҚР ӨжҚМ

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Жамбыл облысында «ЕуроХим» күкірт қышқылы зауытын іске қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ult.kz. 

Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге жетеді. Бұл өнім ауыл шаруашылығы, энергетика, металлургия, машина жасау және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. 

Зауыттың ашылуы нәтижесінде 330 жаңа жұмыс орны құрылды.Аталған өндіріс орны жылына 1 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнім шығаруға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық химия кластерін құруға бағытталған ауқымды индустриялық жобаның бір бөлігі саналады. «ЕуроХим» халықаралық компаниясының бұл жобаға салған инвестициясының жалпы көлемі 1 млрд АҚШ долларын құрайды. 

«Жоба Мемлекет басшысының еліміздің экономикалық дербестігін қамтамасыз ету және өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру бойынша алға қойған стратегиялық міндеттерін орындауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың бір мысалы. Жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу – екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестіктің нығаюының жарқын үлгісі. Жоба толық қуатына шыққан кезде Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев. 

Химия кешені жобасының үшінші кезеңі аясында бүгінде тиісті жұмыстардың 70 пайыздан астамы орындалған. Жобаны толық қуатқа шығару келесі жылдың басына жоспарланып отыр. Барлық өндірістік желілер іске қосылғаннан кейін химия өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін береді, сондай-ақ 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады.