Ақмола облысында фермер мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік субсидияны заңсыз алған. Мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден асқан. Бұл дерек бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізген. Осы арқылы мемлекеттік субсидияны заңсыз алуды ұйымдастырған.
Атап айтқанда, 57 асыл тұқымды бұқа бар деген жалған ақпарат негізінде бюджеттен 9 млн теңге бөлінген. Кейін осы мәліметтерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 млн теңге аударылған.
Бұдан бөлек, төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның нәтижесінде тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған.
Осылайша, мемлекетке келтірілген жалпы залал 50 млн теңгеден асқан.
Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу жалғасып жатыр.