Алматыда полиция ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар берген 56 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияға аудандық басқармалардың бірінің ғимаратында жарылғыш зат бар екені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына шұғыл қызметтер жетіп, ғимарат пен оған іргелес аумақты толық тексерді.
Алайда тексеру нәтижесінде жарылғыш зат, құрылғы, оқ-дәрі немесе күдік тудыратын басқа да заттар табылған жоқ.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция жалған хабарлама авторын анықтады. 56 жастағы ер адам әрекетін қасақана жасағанын мойындады.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция жарылғыш зат туралы кез келген хабарлама шынайы қауіп ретінде қабылданып, арнайы қызметтердің шұғыл әрекет етуіне себеп болатынын ескертті. Мұндай жалған хабарламалар заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.
Бұған дейін Петропавл тұрғыны TikTok-та жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұл арқалағанын хабарлаған болатынбыз.