Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм жары Заманбек Нұрқаділовті еске алып, көпшілікті тебіренткен жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Әнші отбасылық мұрағатындағы естелік бейнематериалмен бөлісіп, өткен күндерге деген сағынышын жеткізді. Өнер иесі қызы Мерейдің шілдеханасында түсірілген бейнежазбаны көрген сайын марқұм жары әлі де жанында жүргендей сезінетінін айтты.
“Осындай естеліктерді қарасам, Зәкең жанымда жүргендей әсерде боламын. Мерейжанның шілдеханасынан естелік. Топырағыңыз торқа болсын, Зәке”, – деп жазды әнші.
Мақпал Жүнісованың бұл жазбасынан өмірлік серігіне деген сағынышы мен бірге өткізген бақытты сәттерін ерекше қадірлейтінін аңғаруға болады.
Айта кетейік, Мақпал Жүнісова Ұлттық госпитальдің қызметінен бас тартпақ.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының танымал әншісі, Қазақстанның халық әртісі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Теректі ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге қызығушылық танытып, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатта білім алған. Кейін Шымкент мәдениет институтын тәмамдаған. Шығармашылық жолын “Гүлдер” ансамблінде халық әндерін орындаудан бастаған. Кейін “Қазақконцерт” бірлестігі жанынан “Назерке” ансамблін ұйымдастырған. 1994 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алып, 1999 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Оның орындауындағы “Ғашық жүрек”, “Қыз ғұмыр”, “Фариза қыз” және “Қоштасу” әндері тыңдарманға кеңінен танымал. Өнер иесі бүгінде де шығармашылығын жалғастырып келеді.
Заманбек Нұрқаділов кім?
Заманбек Нұрқаділов – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер. Ол 1944 жылы 15 қаңтарда Алматы облысының Кеген ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын құрылыс саласында бастап, кейін мемлекеттік басқару қызметіне ауысқан. 1985 жылы Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған. Тәуелсіздік алғаннан кейін Алматы қаласының алғашқы басшыларының бірі болды. 1997–2001 жылдары Алматы облысының әкімі қызметін атқарды. Кейін Қазақстанның Төтенше жағдайлар агенттігін басқарды. 2004 жылдан бастап сол кездегі билікті ашық сынап, оппозициялық қызметке араласты. Заманбек Нұрқаділов 2005 жылғы қарашада Алматыдағы үйінде оқ жарақаттарымен өлі күйінде табылды. Ресми тергеу оның өлімін суицид деп бағалағанымен, бұл қорытынды қоғамда күмән мен пікірталас тудырды. Ол әнші Мақпал Жүнісованың жары болған. Екеуі Мерей есімді қыз тәрбиелеген.