“Мазаламаңыздар”: Мақпал Жүнісова Ұлттық госпитальдің қызметінен бас тартпақ

“Мазаламаңыздар”: Мақпал Жүнісова Ұлттық госпитальдің қызметінен бас тартпақ
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталіндегі тіркеуден шығуға ниетті екенін айтты. Әнші медициналық мекеме қызметкерлерінің қайта-қайта хабарласып, тексеруден өтуге шақыратынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесінің сөзінше, халық арасында “Совмин” деген атаумен белгілі медициналық мекемеге ол 1994 жылдан бері тіркелген. Мұнда халық әртістері мен еңбек сіңірген әртістер де медициналық қызмет ала алады.

Алайда Мақпал Жүнісова осы уақытқа дейін госпиталь ұсынатын кейбір жеңілдіктерден бейхабар болғанын жеткізді. Атап айтқанда, әнші жыл сайын санаторийге тегін жолдама алу мүмкіндігі бар екенін жақында ғана білген.

“Жыл сайын санаторийлерге тегін жолдама берілетінін енді білдім. Біз де баруымыз керек екен. Бірақ осы уақытқа дейін оның біреуін де пайдаланған емеспін. Неге маған айтпаған деп таңғалдым”, – деді ол.

Әншінің айтуынша, бүгінде ол денсаулығын тексерту үшін мемлекеттік госпитальға бармайды. Қажетті медициналық талдауларды үйінің маңындағы жеке клиникаларда тапсырады. Ал күрделі ем қажет болған жағдайда Корея немесе Түркиядағы медициналық мекемелерге жүгінетінін жасырмады.

Соған қарамастан Ұлттық госпиталь қызметкерлері оған тұрақты түрде хабарласып, жоспарлы медициналық тексеруден өту қажеттігін ескертіп отырады екен. Бұл жағдай әншінің көңілінен шықпаған.

“Деніміз сау, шауып жүрміз. Күнде жұмыс, гастроль, концерт бар. “Совминнің” қызметкерлері қайта-қайта қоңырау шалып, анализ тапсырып, тексеруден өту керектігін айтады. “Қыздар, денім сау, Құдай ауыртпасын, бәрі дұрыс” десем, “Келмесеңіз, тіркеуден шығарамыз” дейді. Мен де шығара беріңдер дедім”, – деп түсіндірді халық әртісі.

Айта кетейік, Дизайнер Назым Қарпықова Мақпал Жүнісованың сынына жауап берді. 

https://ult.kz/kz/post/dizainer-nazym-qarpyqova-maqpal-zunisovanyn-synyna-zauap-berdi

Мақпал Жүнісова кім?

Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының көрнекті өкілдерінің бірі, Қазақстанның халық әртісі. Ол ұлттық ән өнерін дамытуға және қазақ музыкасын кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосқан өнер иесі.

Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысында дүниеге келген. Бала кезінен әнге жақын болып, кейін кәсіби музыкалық білім алды. Өнер жолында халық әндерін, қазақ композиторларының туындыларын және эстрадалық шығармаларды орындап, көпшілікке танылды.

Шығармашылық мансабын “Гүлдер” ансамблінде бастап, кейін “Қазақконцерт” бірлестігінде еңбек етті. “Ғашық жүрек”, “Қыз ғұмыр”, “Фариза қыз”, “Қоштасу”, “Аққу сазы” секілді әндері арқылы тыңдарман ықыласына бөленді. 1994 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алып, 1999 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Әнші халықаралық байқауларда да бірнеше мәрте жүлдегер болды.

Мақпал Жүнісова 2026 жылғы мамырда II дәрежелі “Барыс” орденімен марапатталды. Ол бүгінде де концерттерге қатысып, шығармашылық қызметін жалғастырып келеді.