Танымал дизайнер Назым Қарпықова әнші Садраддин Болаттың сахналық образына қатысты Мақпал Жүнісованың сынына жауап берді, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін Садраддиннің ерекше сахналық киімі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түскен. Өнер иесінің образына Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова да пікір білдіріп, костюмді дайындаған дизайнерлердің жұмысын сынға алған еді.
"Осы костюмді тігіп бергендер оңбайды, обал-ай", – деп жазған болатын әнші.
Ал киім авторларының бірі Назым Қарпықова бұл пікірге сабырмен қарайтынын жеткізді. Дизайнер Мақпал Жүнісованы бұрыннан жақсы танитынын және оның пікірін құрметтейтінін айтты.
"Мақпал апайды жақсы танимын, жақсы көремін. Ол кісіге де талай көйлек тіктік, әлі талай тігеміз. Не айтса да жарасады. Үлкен кісілердің пікірін қабыл аламын. Сол костюмді алып барып, Мақпал апайға көрсетіп, “Ойыңызды өзгертіңіз, неге олай жаздыңыз?” деп әзілдеп айтатын шығармын", - деді Назым Қарпықова.
Осылайша дизайнер өнер иесінің сынына реніш білдірмей, керісінше оны қалыпты қабылдайтынын аңғартты. Ал Садраддин Болаттың сахналық костюміне қатысты пікірталас әлеуметтік желіде әлі де жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Дизайнер Садраддиннің даулы образына қатысты пікір білдірді.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Жүнісова - қазақ эстрадасының көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында дүниеге келген. Өнер жолын “Гүлдер” ансамблінің құрамында халық әндерін орындаудан бастаған. Кейін “Қазақконцерт” бірлестігі жанынан “Назерке” ансамблін ұйымдастырған.

Әншінің репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар, отандық композиторлардың лирикалық туындылары кең орын алған. Ол “Жігер” фестивалінің, халықаралық “Азия дауысы” байқауының лауреаты және “Тарлан” сыйлығының иегері. 2026 жылы Мақпал Жүнісова II дәрежелі “Барыс” орденімен марапатталды.