Әлеуметтік желіде әнші Садраддин Болаттың жаңа сахналық образы қызу талқыға түсті. Ерекше киім үлгісіне қатысты түрлі пікір айтылғаннан кейін образ авторы, «Arunaz Atelier» брендінің негізін қалаушы Назым Қарпықова сынға жауап берді, деп хабарлайды ult.kz.
Дизайнердің сөзінше, сахналық киімді әзірлеуге небәрі екі күн уақыт берілген. Алдымен бірнеше эскиз дайындалып, олардың арасынан Садраддин мен оның командасына ұнаған нұсқа таңдалған. Осыдан кейін дизайнерлер қысқа мерзім ішінде образды толық дайындап шыққан.
Назым Қарпықова киімдегі басты детальдардың бірі - корсет екенін атап өтті. Оны жасау үшін шеберлерге тынымсыз еңбек етуге тура келген.
"Екі күннің ішінде тігіп үлгердік. Үстіндегі корсетті мастеріміз ұйықтамастан жасап шықты. Садраддинді заманауи батыр ретінде көрсеткіміз келді. Оны жаңа стильде көру көпшілікке ұнаса, кейбіріне ұнамай жатыр. Өзіме қатты ұнады", - деді дизайнер.
Оның айтуынша, образды жасаудағы негізгі мақсат - дәстүрлі батыр бейнесін сол күйінде қайталау емес, оны заманауи сахналық сәнмен үйлестіріп, жаңаша интерпретация ұсыну болған.

Әншінің образы жарияланғаннан кейін желі қолданушылары екіге бөлінді. Бірі Садраддиннің эксперименттен қорықпай, сахналық стилін өзгерткенін қолдаса, енді бірі киімнің жекелеген элементтерін сынға алды.
Айта кетейік, Садраддин көпбалалы жалғызбасты анаға пәтер сыйлады.
Sadraddin кім? Жас әншінің шығармашылық жолы
Sadraddin лақап атымен танылған Садраддин Болат - қазақстандық әнші әрі ән авторы. Ол 2003 жылғы 4 маусымда Шымкентте дүниеге келген. Өнерге жақын отбасында өскен әнші сахнаға бес жасынан шыға бастаған. Анасы - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, қобызшы.
Садраддин бала кезінен түрлі музыкалық байқауларға қатысқан. 12 жасында «Аялаған Астана» республикалық телевизиялық байқауында бірінші орын алып, кейін «Dala Daryny» жобасының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ «Бала дауысы» ұлттық музыкалық байқауында өнер көрсеткен.
2019 жылы Шымкенттегі өнер мектебін аяқтап, Алматыдағы П. И. Чайковский атындағы музыкалық колледждің эстрадалық вокал бөліміне оқуға түскен. Алматыға көшкеннен кейін әлеуметтік желіде каверлер жариялап, кейін өзі жазған әндерін шығара бастайды.
Әншінің кеңінен танылуына алғашқы туындыларының бірі - «Алия» әні ықпал етті. Кейін оның бірқатар лирикалық композициясы тыңдарман арасында танымал болды. Садраддин өз репертуарындағы әндердің авторы ретінде де белгілі.
2023 жылы ол Алматы Аренада алғашқы ірі жеке концертін өткізіп, оған шамамен 12 мың көрермен жиналды. Бір жылдан кейін Орталық стадиондағы концертін 30 мыңға жуық адам тамашалаған. Forbes Kazakhstan дерегінде оның музыкалық платформалардағы тыңдалымдары ондаған миллионға жеткені айтылады.
2024 жылы Sadraddin Ticketon Award сыйлығында «Қазақстандық жыл әртісі» атанып, «Эстрада» номинациясы бойынша мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты болды.