Зайсан көлінен екі балықшының денесі табылды

Зайсан көлінен екі балықшының денесі табылды
Фото: freepik

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінен 8 күн бойы іздестірілген екі балықшының денесі табылды, деп хабарлайды ult.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, іздеу жұмыстарының алғашқы күнінде жағадан 3-4 шақырым қашықтықтан суға батқан қайық анықталған.

29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 25 жастағы жігіттің денесін тапқан. Ал 30 қыркүйекте құтқарушылар 47 жастағы балықшының денесін судан шығарды.

Іздеу жұмыстары кезінде сүңгуірлер суға 63 рет түскен.

Қаза тапқан екі адамның бір-біріне қандай қатысы бар екені нақтыланбады. 

14 сарбаз Каспийде қаза тапты

Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші ашық теңізге ағып кеткен. Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында болған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңіз ағызып әкеткен. Үшеуі құтқарылғанымен, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Қаза болғандардың арасында мерзімді әскери қызметшілер де, келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметшілер де болған.

Іздестіру-құтқару жұмыстары бірнеше күнге созылды. 25 қыркүйекте бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылып, іздеу операциясы аяқталды.

Оқиғадан кейін Қазақстанда 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетіні айтылды.

Қайғылы жағдайға байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайын анықтау басталды. Ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғаған.