Ырысбала Икрамбай мектептегі ақша жинау мәселесіне пікір білдірді

Ырысбала Икрамбай мектептегі ақша жинау мәселесіне пікір білдірді
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Мектептегі ақша жинау, мұғалімге сыйлық беру мәселесі ата-аналар арасында жиі пікірталас тудыратыны жасырын емес. Осыған байланысты Ырысбала Икрамбай да өз ойын айтып, ата-аналарды мұндай мәселеде бір-біріне қысым жасамауға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, ұстазға сыйлық жасау немесе жасамау - әр ата-ананың жеке таңдауы. Сондықтан біреудің сыйлық беруге мүмкіндігі болмауы немесе оған қатысқысы келмеуі ортақ чаттағы түсініспеушілікке, ренішке немесе жанжалға себеп болмауы керек.

Ырысбала Икрамбай мұғалімдердің негізгі міндеті - балаларға білім беру екенін атап өтті. Оның сөзінше, ұстаз өз жұмысын қандай да бір сыйлық немесе қосымша қаржы үшін емес, кәсіби міндеті ретінде атқарады.

"Беретінің 25 мың болса, 5 мыңына тәтті алып, қалғанын ақшалай беремін. Ол да үйіндегі бала-шағасына шай, сүтін көтеріп барсын. Гүл алып бермей-ақ. Оларға бермесең де ренжімейді. Балаңды оқыта береді. Өзіміз де мерекеде бір гүл болсын күтіп отырамыз", - деді ол. 

Айта кетейік, Ырысбала Икрамбай ажырасу туралы мәлімдемесімен елді елең еткізді. 

Ырысбала Икрамбай кім?


Ырысбала Икрамбай - қазақстандық блогер, қоғам белсендісі және қайырымдылық бастамаларымен танылған тұлға. Ол көпшілікке алғаш «Қалаулым» тележобасына қатысуы арқылы кеңінен таныла бастады. Кейін әлеуметтік желідегі белсенділігі артып, тұрмыс, отбасы, әйелдер мен қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып жүр.

Ырысбала Икрамбайдың есімі қайырымдылық жұмыстарымен де байланысты. Ол мұқтаж отбасыларға көмек көрсету, баспана алуға жәрдемдесу секілді бастамаларды ұйымдастырып, «Ырысты» қоғамдық қайырымдылық қорының жұмысына атсалысқан. Оның әлеуметтік желідегі парақшаларында мұқтаж жандарға арналған қаражат жинау және баспана сыйлау жөніндегі жобалар жиі жарияланған.

Блогер әлеуметтік желіде тек қайырымдылық тақырыбымен шектелмей, бала тәрбиесі, отбасы құндылықтары, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, мектептегі мәселелер және қоғамдағы өзекті жағдайлар жөнінде де ойын білдіреді. Осы пікірлері арқылы ол желі қолданушылары арасында жиі талқыланып жүр.