Wildberries Қазақстаннан жаңа қоймалар іздей бастады

Wildberries Қазақстаннан жаңа қоймалар іздей бастады
Фото: әлеуметтік желі

Дрон шабуылдарынан кейінWildberries Қазақстаннан жаңа қоймалар іздеп жатыр. Мәліметтерге сәйкес, компания шамамен 100 мың шаршы метр қойма аумағын жалға алуды қарастырып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Жылжымайтын мүлік нарығындағы дереккөздердің айтуынша, заманауи қоймалар тапшы болғандықтан, Wildberries бос тұрған қоймалардың басым бөлігін жалға алуы мүмкін.

Компания өкілдері өз кезегінде қызмет көрсететін елдердегі логистикалық инфрақұрылымды дамытуды жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Қазір Алматыда ауданы 100 мың шаршы метрден асатын қойма салынып жатыр. Сонымен қатар Астанада көлемі 160 мың шаршы метр болатын тағы бір логистикалық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Оны келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Ресейдегі қоймаларға жасалған дрон шабуылдарынан кейін Wildberries тәуекелдерді азайтып, сатушылардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тауарларды әртүрлі логистикалық орталықтар арасында қайта бөлуде.

Еске салайық, бұған дейін Ресейдегі қоймалардың бүлінуінен қазақстандық кәсіпкерлер де зардап шеккен болатын. Алдын ала есеп бойынша олардың шығыны 1 миллиард теңгеден асты.