Жеке деректерді қорғау мақсатында Ішкі істер министрлігі WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарға рұқсатсыз кіру жағдайлары тіркеліп жатқанын ескертеді, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап ult.kz.
Аккаунттың қауіпсіздігін күшейту үшін ҚР ІІМ екі сатылы тексеруді қосуды ұсынады. Ол үшін WhatsApp қосымшасын ашып, «Баптаулар» бөліміне кіріңіз. Одан кейін «Аккаунт», «Екі сатылы тексеру» бөлімін таңдап, «Қосу» батырмасын басыңыз. Алты таңбалы PIN-код орнатып, аккаунтқа кіру мүмкіндігін қалпына келтіру үшін электрондық пошта мекенжайын көрсетіңіз. Орнатылған PIN-кодты ешкімге айтпаңыз.
Сондай-ақ аккаунтқа қосылған құрылғыларды үнемі тексеріп отыру қажет. Ол үшін жоғарғы оң жақ бұрыштағы үш нүкте белгісін басып, «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміне кіріп, тізімді қарап шығыңыз. Бейтаныс құрылғы анықталса, оны таңдап, «Шығу» батырмасын басып, оған берілген қолжетімділікті өшіріңіз.
Аккаунттың бұзылған болуы мүмкін екенін мына белгілерден байқауға болады:
– белгісіз құрылғылардың аккаунтқа қосылуы;
– сіздің қатысуыңызсыз хабарламалардың жіберілуі;
– таныстарыңыздың сіздің атыңыздан күмәнді өтініштер келгенін хабарлауы;
– өзіңіз сұратпаған растау коды бар SMS-хабарламаның келуі;
– аккаунттан өздігінен шығып қалу.
Растау кодтарын үшінші тұлғаларға бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және бейтаныс адамдардың нұсқауымен бөгде қосымшаларды орнатпаңыз.
Аккаунттың бұзылғанын көрсететін белгілер анықталған жағдайда оны қорғау үшін дереу шаралар қабылдап, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
WhatsApp-та рұқсатсыз әрекеттер анықталған жағдайда «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміндегі барлық белсенді сеанстарды дереу аяқтап, екі сатылы тексеру PIN-кодын өзгертіңіз. Сондай-ақ аккаунттың бұзылуы мүмкін екенін өз байланыстарыңызға ескертіңіз.
ҚР ІІМ смартфон мен компьютерді зиянды бағдарламалардың бар-жоғына тексеруді, сондай-ақ SMS немесе мессенджер арқылы келген растау кодтарын үшінші тұлғаларға бермеуді ұсынады.
ҚР ІІМ ескертеді: егер танысыңыздан ақша аударуды шұғыл сұраған хабарлама келсе, міндетті түрде оған телефон арқылы немесе басқа жолмен хабарласып, бұл хабарламаны шынымен аккаунт иесі жібергеніне көз жеткізіңіз.