Оңтүстік Жезқазған кенішінде «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС басшысы Р. Өскенәлі еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Мұндай ашық форматтағы жүздесу көптеген жұмысшылар үшін тосын жаңалық болды. Шахтерлердің айтуынша, компанияның бұрынғы басшылығы өндірістік алаңдарда осындай жедел әрі ашық кездесулер өткізбеген, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу барысында компанияның жаңа басшылығы жұмысының негізгі бағыттары таныстырылды. Әңгіме шикізаттық ресурстық базаны кеңейтуге бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялар, жабдықтарды жаңғырту, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру және кәсіпорынның алдағы жылдардағы тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері туралы өрбіді.
Әлеуметтік мәселелерге де ерекше назар аударылды. Жұмысшыларға тұрғын үй салу, өңірдің мәдени және рухани инфрақұрылымын дамыту жоспарлары, сондай-ақ күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды қоса алғанда, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар таныстырылды.
Еңбек ұжымының өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды. Талқылау сындарлы жағдайда өтіп, қызметкерлер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Өндірістік қуаттарды жаңартудан бастап, қызметкерлер мен олардың отбасыларына арналған әлеуметтік бағдарламаларды кеңейтуге дейінгі бастамалар оң бағасын алды. Ұжым кейбір ұсыныстарды қол шапалақтап қарсы алды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кәсіпорынды дамыту, қауіпсіздік деңгейін арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері бойынша өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін растады.