Ұстаздар күні қарсаңында алаяқтар мұғалімдерге арналған сыйлықтарды арзан бағамен ұсынатын жалған сайттарды пайдалана бастаған. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы ескертті, деп хабарлайды ult.kz.
Алаяқтар азаматтарға ұстаздарға арналған тиімді сыйлықтар туралы ұсыныстар бар сілтемелер жібереді. Сілтемеге өткен кезде шынайы интернет-дүкенге ұқсайтын жалған сайт ашылады.
Қаскөйлер мұндай сайттардағы тауарлардың суреттерін жасанды интеллект көмегімен жасап, іс жүзінде жоқ өнімдерді ұсынуы мүмкін. Ал сатып алушыға сатушының орнына чат-бот жауап береді.
Нәтижесінде азамат тауарға төлем жасағанымен, сыйлықты алмай, ақшасынан айырылуы мүмкін. Бас прокуратура бұған дейін де алаяқтардың жалған сайттар мен жасанды интеллект технологияларын белсенді қолданып жүргенін ескерткен.
Алаяқтардан қалай қорғануға болады?
Мамандар:
- күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге;
- белгісіз нөмірлерге қоңырау шалмауға;
- банк картасының деректерін, CVV-кодты, PIN-кодты және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеуге;
- сатушының сенімділігіне көз жеткізбей, алдын ала төлем жасамауға;
- тапсырыс туралы ақпаратты дүкеннің ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өздігінен тексеруге кеңес береді.
Егер азамат карта деректерін алаяқтарға беріп қойса немесе шотынан күмәнді ақша алынғанын байқаса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттау және полицияға жүгіну қажет.