Бұрынғы Мәжіліс депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында жеке өмірі мен отбасы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды ult.kz, qazaqshanews-қа сілтеме қалдырып.
Өнер иесі үш жұбайы мен балалары жайлы көпшілік алдында егжей-тегжейлі айтуды құп көрмейтінін жеткізді. Оның сөзінше, бұл тақырып бірнеше адамның көңіліне тиюі мүмкін.
«Төсегімдегі әңгімені айтпай-ақ қояйықшы. Раушан, Кенже, Жанар - балаларымның аналары. Мен олардың бәрін құрметтеймін. Қазір бірдеңе айтсам, баламның көңіліне тиеді, Раушанның туыстары бар, олардың көңіліне тиеді, Кенженің көңіліне тиеді, Жанардың көңіліне тиеді», - деді Бекболат Тілеухан.
Сұхбат барысында журналист одан: «Өмірге қайта келсеңіз, тағы да үш рет үйленер ме едіңіз?» - деп сұрады.
Бекболат Тілеухан бұл сұраққа өткен өміріне өкінбейтінін айтып жауап берді.
«Бұл - менің тағдырым. Коммунист Бауманның “екінші рет өмірге келсем де, осы жолмен жүрер едім” деген сөзі бар. Сол сияқты Алла тағала маған иманды, алтындай қазақтың қыздарын жар етіп нәсіп етті. Әрқайсының өз орны бар», - деді ол.
Сонымен қатар экс-депутат балаларының өзге ұлт өкілдерімен отбасын құруына қарсы емес екенін айтты. Алайда болашақ жарларының мұсылман болғанын қалайтынын жеткізді.
Бекболат Тілеухан балаларының мамандық таңдауы мен діни ұстанымына қысым жасамайтынын да атап өтті.