Freedom Inside '26

Ұлттық домбыра күні: Тоқаев мәдени мұраны сақтаудың маңызын айтты

Ұлттық домбыра күні: Тоқаев мәдени мұраны сақтаудың маңызын айтты
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыраның ұлттық рух пен мәдени мұраны сақтаудағы айрықша рөлін атап өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысы домбыраны ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі әрі халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра деп атады. Оның айтуынша, қос ішекті қасиетті аспап арқылы ата-бабадан жеткен төл құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тарихи сабақтастық сақталып келеді.

Президент домбыраның қуанышты сәттерде де, сындарлы кезеңдерде де елдің бірлігін нығайтып, халықтың рухын асқақтатқанын айтты. Сондай-ақ оның күмбірі азаматтарды жігерлендіріп, елдің рухани құндылықтарымен үндесетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен дәстүрлі құндылықтардың әлсіреу қаупі жағдайында домбыра қазақ мәдениетінің мызғымас тұғыры болып қала беретінін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақ домбырасының әуезді үнін халықаралық деңгейде кеңінен таныту – баршаға ортақ міндет екенін айтты. Осы ретте ол ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деген қанатты сөзін еске алып, бұл ұстаным ұлттық өнерді дәріптеуде басты бағдар болуы тиіс екенін жеткізді.

Президент Домбыра күні қарсаңында күшіне енген жаңа Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау алғаш рет негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітілгеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл халықтың болмысы мен елдің даму бағытына толық сәйкес келеді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев домбырашыларға, ұстаздарға және ұлттық өнерді Қазақстанда әрі шетелде насихаттап жүрген барша азаматқа алғыс білдіріп, қазақтың ән-күйі алдағы уақытта да елді жаңа жетістіктерге жетелейтініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне орай еліміздің барлық өңірінде 2000-нан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылады.