Әлеуметтік желіде Ұлдана Мырзуанға қатысты видео тарады , деп хабарлайды ult.kz.
Видео жасанды интеллект арқылы жасалған. Видеода марқұм Ұлдана Мырзуан күйеуіне ренішін білдіреді.
Айта кетейік, Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасы ел қоғамын дүр сілкіндірді. Жас медицина қызметкері тұрғын үйдің қасбеті құлаған кезде зардап шеккендерге көмек көрсетуге келген. Алайда адамдардың өмірін құтқаруға ұмтылған сәтте оның үстіне ғимараттан құлаған кондиционер түсіп, Ұлдана ауыр жарақат алған.
Оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тұрғын үйде болған. Ғимараттың сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер блогы опырылып, бес адам зардап шеккен. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары шақырылған.
Ұлдана Мырзуан сол күні жедел жәрдем фельдшері ретінде оқиға орнына барған. Жақындарының айтуынша, ол зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсетуге кіріскен.
Ұлдана Мырзуан 8 қарашадан бастап ауруханада жатқан. Дәрігерлер барлық қажетті ем-шараларды жүргізгенімен, ол есін жимастан, 18 қарашада қайтыс болды. Бұл ақпаратты Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы да растаған.
Ол небәрі 23 жаста болған.
Ұлдана Мырзуанның ерлігі мемлекет тарапынан да мойындалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен марқұм фельдшерге қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медаліберілді.