Қазақстан Үкіметі 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы кешенді іс-қимыл жоспарын бекітті. Құжат Мемлекет басшысының экономикалық үдерістердің ашықтығын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында әзірленіп, оған Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.
Жоспарды Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп дайындаған. Оның негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканың үлесін азайту, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету, бизнестің ашықтығын күшейту және кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік жүктеме түсірмей, бюджет кірісін арттыру.
Үкіметтің мәліметінше, соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар нәтиже байқалған. Атап айтқанда, 20 ақпараттық жүйе енгізіліп және жаңғыртылып, айналымы 2 трлн теңгеге жеткен интернет-казиноның қаржылық инфрақұрылымы тоқтатылды. Сондай-ақ 360 млрд теңге көлеміндегі негізсіз бюджеттік шығынның алдын алу мүмкін болды.
Осының нәтижесінде көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы жалпы ішкі өнімнің 24 пайызынан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16,7 пайызға дейін төмендеген. Енді жаңа жоспар аясында бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай ЖІӨ-нің 13,8 пайызына дейін қысқарту көзделіп отыр.
Жоспардың басты жаңалығы – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық мониторинг платформасын іске қосу. Ол мемлекеттік органдардың деректерін біріктіріп, көлеңкелі экономика тәуекелдерін алдын ала анықтауға және бюджетке залал келтіретін заң бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік береді.
Құжатта барлығы 53 іс-шара қарастырылған. Олар сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру сияқты тәуекелі жоғары салаларды цифрландыруға бағытталған.
Сонымен қатар Digital Bazaar платформасын дамыту, цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізімін кеңейту, Ұлттық тауарлар каталогын толықтыру, электрондық коммерция мен маркетплейстерді реттеуді жетілдіру, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау және «Цифрлық теңге» жобасын кеңінен пайдалану жоспарланған.
Үкімет жаңа кешенді жоспар бизнеске қосымша әкімшілік талаптар енгізбейтінін атап өтті. Негізгі басымдық процестерді автоматтандыруға, цифрландыруға, жасанды интеллект пен заманауи аналитикалық құралдарды қолдануға беріледі.