2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл мақсатқа қажетті қаражат алдағы үш жылдық бюджетте қарастырылады, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары жөнінде баяндау кезінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, халық табысын арттыру экономиканың тұрақты әрі сапалы өсуіне және инфляция деңгейінің төмендеуіне байланысты.
«2027 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық еңбекақының ең төменгі мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Қажетті қаражатты бекіту және бөлу келесі үш жылдық кезеңге арналған бюджетте көзделетін болады», – деді Азамат Әмрин.
Сонымен қатар инфляцияны тежеу үшін тарифтік саясатпен қатар бағаның өсуін бақылау және төмендету бағытындағы жұмыстар күшейтіледі.