Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкіметтің 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырды, деп хабарлайды ult.kz.
Министрдің айтуынша, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсіп, 2024 жылғы 5 пайыздық көрсеткіштен жоғары нәтиже көрсетті. Экономикалық өсімге негізінен көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда салалары үлес қосқан.
Сонымен қатар, инфляция деңгейі 12,3 пайыз болып қалыптасты. Орташа айлық жалақы 442 мың теңгеге жетсе, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде сақталды.
2025 жылы республикалық бюджет кірістері 21,4 трлн теңгені құрап, жоспардың 99 пайызы орындалды. Ал меншікті кірістер 17,5 пайызға өсіп, 15,3 трлн теңгеге жеткен. Жоспардың толық орындалмауына мұнай бағасының төмендеуі, экспорт көлемінің қысқаруы және ірі кәсіпорындардан түсетін салық түсімдерінің азаюы әсер еткен.
Соған қарамастан, корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер 24 пайызға, ал қосылған құн салығы бойынша түсімдер 18 пайызға өскен. Камералдық бақылау нәтижесінде бюджетке 388 млрд теңге өндіріліп алынған.
Республикалық бюджет шығыстары 25,5 трлн теңгені құрап, 99 пайыз деңгейінде орындалды. Әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге, өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталған.
Өткен жылы ұлттық жобалар аясында 198 мектеп пен 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5 141 баспана сатып алынған.
Көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде шамамен 13 мың шақырым автожол жөнделіп немесе жаңғыртылды. Ал жүк транзитінің көлемі 39,1 млн тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 18 пайызға артқан.
Үкімет жаңа экономикалық өсім нүктелерін қалыптастыруға да басымдық берген. Қостанай облысындағы KIA зауыты мен Алматыдағы мультибрендті автомобиль зауыты іске қосылды. Astana Hub-та бүгінде 2 200-ден астам IT-компания тіркелген, олардың 500-ден астамы – шетелдік компаниялар.
Энергетика саласында ұлттық инфрақұрылымды жаңғырту жобасы басталып, мыңдаған шақырым электр, жылу, су және кәріз желілерін жөндеу жоспарланған.