"Жігіттер" тобының әншісі Ердос Қанаев әлеуметтік желідегі парақшасында шаңырақ көтеруге қатысты әзіл жариялап, оқырмандарын күлдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі Instagram желісінде отбасындағы татулықты сақтаудың ерекше жолы туралы жазбамен бөлісті. Онда үйленуге ең қолайлы жас ретінде 80 жас көрсетілген.
"Үйленуге ең қолайлы жас – 80 жас. Себебі ол кезде күйеуінің көзі көрмейді, әйелінің құлағы естімейді. Бірі көрмеген болады, бірі естімеген болады – отбасында ұрыс-керіс жоқ!" – делінген әнші жариялаған суретте.
Аталған әзіл суретте Нұрбол ұстаздың сөзі ретінде берілген.
Ердос Қанаев әзілдің астарында ерлі-зайыптылардың бір-біріне түсіністікпен қарауы маңызды екенін меңзеген. Сондай-ақ ол жарына деген сүйіспеншілікті дәрі-дәрмекке теңеген ерекше сөзді мысалға келтірді.
"Аптекада дәрі бар, бірақ ауырғанда маған тек үйдің дәрісі көмектеседі және де ең күшті дәрім, дәруменім ол менің қисық қабырғам", – деген екен әйеліне ессіз ғашық бір адам", – деп жазды әнші.
Өнер иесі жазбасының соңында отбасындағы сыйластық пен өзара қамқорлықтың маңызына тоқталып, ерлі-зайыптыларға ақ тілегін арнады.
"Сол үшін табиғаты "қисық қабырға" секілді болған әйелдеріңіз, аманаттарыңыз аман болсын, отыз ұлың болса да осырақ шалдарыңыз бай-қуатты болып, бір-бірлеріңізге дәрі-дәрмен секілді тыныштық пен бақыт сыйлап жүре беріңіздер", – деді Ердос Қанаев.
Осылайша әнші әзіл арқылы отбасылық өмірде бір-бірінің кемшілігін түсініп, өзара құрмет пен сүйіспеншілікті сақтаудың маңызын жеткізді.
Ердос Қанаев кім?
Ердос Қанаев – қазақстандық әнші, көпшілікке "Жігіттер" тобының мүшесі ретінде танылған өнер иесі. Ол қазақ эстрадасында бірнеше жылдан бері шығармашылықпен айналысып келеді. "Жігіттер" тобы лирикалық әндерімен және ұлттық нақыштағы туындыларымен тыңдарман ықыласына бөленген. Ердос Қанаев топ құрамында түрлі концерттер мен мәдени іс-шараларға қатысып жүр. Әнші шығармашылығында махаббат, отбасы және адамгершілік тақырыптарына ерекше мән береді.
Ердос Қанаев Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауылында дүниеге келген. Ол жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Мектепте оқып жүргенде Еркін Нұржанов және Асқар Жүнісбековпен бірге музыкалық трио құрған. Ердос Қанаевтың кәсіби шығармашылық жолы 2003 жылы құрылған "Жігіттер" квартетімен тығыз байланысты. Сол жылы топ "Арай" республикалық байқауында бас жүлде жеңіп алған.
2004 жылы квартеттің "Ерке қыз" әніне түсірілген алғашқы бейнебаяны жарық көрді. Ал 2006 жылы топ Алматыда тұңғыш жеке концертін өткізді. Ердос Қанаев әншіліктен бөлек, ән мәтіндерінің авторы ретінде де белгілі. Ол телебағдарламаларға қатысып, шығармашылығы мен өмірлік ұстанымдары туралы сұхбат беріп келеді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесіне қатысты пікірлерін жариялап тұрады.
Айта кетейік, Ердос Қанаев бұған дейін де отбасы құндылықтары туралы пікір білдіріп, ерлі-зайыптыларды ажырасуға үндейтін коучтардың әрекетін сынға алған еді.