“Қияметте жауап бересіңдер”: Ердос Қанаев коучтарды сынады

“Қияметте жауап бересіңдер”: Ердос Қанаев коучтарды сынады
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Әнші Ердос Қанаев әлеуметтік желідегі жазбасында ажырасуға кеңес беретін коучтар мен өзін "данышпан" санайтын адамдарды сынға алды, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, олардың сөзіне сеніп ажырасқан әйелдер мен балалардың жағдайына сол кеңес берушілер жауапты болуы керек.

"Қолымда билік болса, “коучсымақтар мен данышпансымақтардың” сөзіне сеніп ажырасып жатқан, сөйтіп бала-шағасын асырай алмай, бақытсыз болып жатқан барлық әйелдің бала-шағасын асырауды солардың мойнына жүктейтін едім. Әйелінен айырылған еркектің ендігі үйленетін тойын, қызға берер қалыңмалын – бәрін солардың мойнына жүктейтін едім. Қияметте жауап бересіңдер", - деп жазды әнші.

Ердос Қанаев кім?

Ердос Қанаев – қазақстандық әнші, көпшілікке «Жігіттер» квартетінің мүшесі ретінде танылған өнер иесі. Топ қазақ эстрадасында бірнеше жылдан бері өнер көрсетіп, лирикалық және ұлттық нақыштағы әндерімен тыңдарман жинады. Ол «Жігіттер» тобының мүшесі. 

Әнші жеке шығармашылығымен де танылған. Мәселен, авторлық құқық иелерінің қазақстандық тізілімінде «Арай» әнінің орындаушысы ретінде Ердос Қанаевтың есімі көрсетілген. 

Ердос Қанаев түрлі телевизиялық жобаларға да қатысқан. 2019 жылы «Астана» телеарнасының «Той жыры» бағдарламасының жеке шығарылымы әншіге арналған.

Өнер иесі әлеуметтік желіде отбасы, ата-ана мен бала тәрбиесі, адамгершілік құндылықтар жөніндегі пікірлерін де жиі ортаға салады. Бұған дейін ол ата-ананы құрметтеу туралы ойын айтып, әр адамның әке-шешесінің алдындағы жауапкершілігіне тоқталған еді.

Соңғы уақытта әншінің қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты жазбалары да көпшілік назарын аударып жүр.

Айта кетейік, Ақбота Керімбекова балалық шағындағы ауыр кезеңді еске алды.