Үйін уақытында ала алмаған алматылық құрылыс компаниясынан 10,5 млн теңге өндірді

Үйін уақытында ала алмаған алматылық құрылыс компаниясынан 10,5 млн теңге өндірді
ашық дереккөзден

Алматы тұрғыны уақытында тапсырылмаған баспанасы үшін құрылыс компаниясынан 10,5 млн теңге тұрақсыздық айыбын өндіріп алды. Бұл туралы Жоғарғы сот хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Сот мәліметінше, азамат 2021 жылы құрылыс компаниясымен пәтер, коммерциялық үй-жай және автотұрақ сатып алу бойынша үш алдын ала келісімшарт жасасқан. Ол келісімшарттарда көрсетілген соманы толық төлеген.

Құрылыс компаниясы нысанды аяқтап, негізгі сатып алу-сату келісімшарттарын 2023 жылдың соңына дейін жасасуға міндеттенген. Алайда нысан тек 2024 жылдың қазан айында пайдалануға берілген.

Осыған байланысты сатып алушы міндеттемелерді орындау мерзімі бұзылғанын айтып, компаниядан тұрақсыздық айыбын өндіріп беруді сұраған. Алайда бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар оның талабын қанағаттандырмаған.

Істі қараған Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот төменгі соттардың шешімдерімен келіспеді. Сот негізгі келісімшарттардың кейін жасалуы құрылыс компаниясын бұрынғы міндеттемелерін бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.

Осыдан кейін төменгі соттардың актілері жойылып, құрылыс компаниясынан 10,5 млн теңге тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы жаңа шешім шығарылды.