Ақтөбе облысында танысына мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алып беремін деп, 10 млн теңгесін иемденген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға шамамен екі жыл бұрын болған. Жергілікті тұрғын танысының сеніміне кіріп, мемлекеттік бағдарлама арқылы баспананы тиімді шарттармен алып беруге уәде еткен.
Жәбірленуші тұрғын үйді рәсімдеу және қажетті мәселелерді шешу үшін оған 10 млн теңге берген. Алайда уәде орындалмай, ақша да қайтарылмаған.
Осыдан кейін жәбірленуші полицияға арызданған. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілді.
Қазір істің барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысты «үй алып беремін», «кезекті жылдамдатамын» немесе «мәселені таныстар арқылы шешіп беремін» деген уәделерге сақтықпен қарауға шақырды.