Қазақстанда тұрмысы жақсы отбасылардың мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуы талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде мұндай шешім қабылдаған азаматтар көмектің мұқтаж адамдарға берілгенін жөн санайтынын айтқан, деп хабарлайды ult.kz.
Көпбалалы әке Нұрлан Минайдаровтың пікірінше, балаларын асырауға табысы жеткілікті отбасы жәрдемақыдан бас тартып, қолдауды қаржыға қиналып жүрген отбасыларға қалдыра алады.
Көпбалалы ана Зағипа Ахметқанова да төлемнен бас тартқанын жеткізді. Оның айтуынша, отбасының қазіргі табысы күнделікті қажетіне жетеді. Сондықтан жәрдемақы алуға құқығы болса да, оны пайдаланбауды ұйғарған.
Сонымен қатар, Ақмола облысы Зеренді ауданында тұратын Асен мен Меруерт Жақсылықовтар енді мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес екенін мәлімдеді.
Отағасының айтуынша, мемлекеттің көмегімен өз кәсібін ашып, тұрмысын түзеген. Қазір ерлі-зайыптылардың тұрақты табысы бар. Сондықтан балаларын өз күштерімен қамтамасыз ететінін айтты.
Айта кетейік, Мұрат Әбенов жәрдемақы мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Не жағдай болды?
Қазақстанда балаларға және көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Үкіметтің 2026 жылғы 5 қазандағы №870 қаулысына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар жәрдемақы отбасының тұрмыс жағдайын бағалау арқылы беріледі. Яғни төлем тағайындағанда отбасының көмекке қаншалықты мұқтаж екені ескеріледі.
Өзгеріс бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақыны, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақыны және төрт немесе одан көп баласы бар отбасылардың ай сайынғы жәрдемақысын қамтиды. Қаулыда тұрмыс деңгейі жоғары «А» және ауқатты «В» санатына жатқызылған азаматтарға бұл төлемдерді тағайындамау қарастырылған. Ал жәрдемақы алып жүрген отбасы осы санаттарға өтсе, төлемі тоқтатыла тұрады.
Отбасының жағдайын анықтау үшін кәмелетке толған мүшелерінің жеке деректерін тексеруге келісімі қажет болады. Бағалау кезінде банктік мәліметтер, несие бойынша қарыз сомасы, ай сайынғы төлемдер мен мерзімі өткен берешек туралы ақпарат та пайдаланылмақ. Отбасының жағдайы кейін нашарлап, ай сайынғы бағалау нәтижесінде көмек алуға сәйкес санатқа ауысса, төлемді қайта жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған.
Қазір көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы табысына қарамастан тағайындалады. Сондықтан кейбір ата-аналардың төлемнен өз еркімен бас тартуы — олардың жеке шешімі. Ал алдағы өзгеріс жәрдемақы тағайындағанда отбасының материалдық жағдайын ескеруді көздейді. Жаңа тәртіп 2027 жылдан күшіне енеді.