“Бай және кедей деп бөлмеңдер”: Мұрат Әбенов жәрдемақы мәселесіне қатысты пікір білдірді

“Бай және кедей деп бөлмеңдер”: Мұрат Әбенов жәрдемақы мәселесіне қатысты пікір білдірді
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Мұрат Әбенов бала тууға байланысты мемлекеттік жәрдемақы мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Ол әлеуметтік желідегі жазбасында сәбилерді ата-анасының табысына қарай “бай” және “кедей” деп бөлудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, дүниеге келген әрбір бала мемлекет тарапынан бірдей қолдауға ие болуы тиіс.

“Сәбиді “бай” мен “кедейге” бөлуді тоқтату керек! Соңғы күндері бала тууға берілетін жәрдемақыны қысқарту туралы министрліктің жариялаған ұсыныстарына қатысты пікірім. Әр бала мемлекеттен тең қолдау алуы тиіс!” – деп жазды ол.

Осылайша, Мұрат Әбенов бала тууға берілетін төлемдерді отбасының қаржылық жағдайына қарай шектеу туралы бастамаға қатысты өз ұстанымын білдірді.

Айта кетейік, Мұрат Әбенов Шымкентте болған екі резонансты оқиғаға - Нұрайдың өлімі және 17 жастағы қызды алып қашу оқиғасына байланысты пікір білдірді. 

Мұрат Әбенов кім?
 

Мұрат Абдуламитұлы Әбенов - қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткері. 1965 жылғы 20 тамызда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық кентінде дүниеге келген.

Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. Кейін Қызылорда облысының мемлекеттік органдарында түрлі қызмет атқарып, облыс әкімінің орынбасары және облыс әкімі аппаратының басшысы болған. 2007–2011 және 2012 жылдары Мәжіліс депутаты қызметін атқарды. 2012–2013 жылдары Қазақстанның Білім және ғылым вице-министрі болды.

2023 жылдан 2026 жылғы шілдеге дейін VIII сайланған Мәжілістің депутаты болды. 2026 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі ретінде көрсетілген.

Мұрат Әбеновтің үш жоғары білімі бар: математика, информатика және заң мамандықтарын меңгерген. Ол білім беру, мемлекеттік басқару, кәсіпкерлік және цифрландыру тақырыптарына қатысты қоғамдық пікірлерімен де белгілі.