Атырауда ерлер колониясына дрон арқылы ұялы телефон жеткізбек болған әрекет әшкереленді. Мекеме қызметкерлері заңсыз жолмен жеткізілмек болған үш телефонды тәркіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 8 қыркүйекке қараған түні шамамен сағат 01:15-те болған. №15 мекеме қызметкерлері колония аумағынан шамамен 1,5 шақырым жерден дрон арқылы белгісіз түйіншектерді жеткізу әрекетін анықтаған.
Тексеру кезінде картонға оралып, сыртынан скотчпен бекітілген үш түйіншек табылды. Ішін ашқан кезде олардың әрқайсысынан бір-бір ұялы телефон шыққан.
Оқиға орнына Атырау қаласы полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды.
— Аталған дерек бойынша қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады, — деп хабарлады Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.