Түркістан облысында сыныптасын зират маңына апарып, соққыға жыққан төрт жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Негізгі айыпталушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылса, қалған үшеуіне бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды ult.kz.
Іс Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Үш сотталушы Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ал негізгі айыпталушыға бұдан бөлек "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша да айып тағылды.
Қайғылы оқиға өткен жылдың қараша айында Түркістан қаласында болған. Сот материалдарына сәйкес, жасөспірімдер болмашы себеппен өздерімен бірге оқитын 9-сынып оқушыларын зират маңына жинап, сапқа тұрғызған. Кейін олардың әрқайсысына кеуде тұсынан жұдырықпен соққы жасаған. Негізгі айыпталушы жәбірленушілердің бірін қосымша бірнеше рет ұрып, салдарынан жасөспірім оқиға орнында көз жұмған.
Сот барысында айыпталушылар кінәларын толық мойындап, өкініш білдірді. Олар өздеріне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Сондай-ақ жәбірленушілердің басым бөлігі мен олардың заңды өкілдері сотталушыларды кешіретіндерін айтып, қылмыстық істі тоқтатуды өтінген.
Сот шешімімен негізгі айыпталушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қалған үш жасөспірімге 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Қаза болған оқушының ағасы сотталушылардың бірін кешіргенімен, қалған үшеуінен 30 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті. Алайда сот олардың заңды өкілдерінің әрқайсысынан 200 мың теңгеден моральдық шығын өндіру туралы шешім шығарды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.