Түркістанда күйеуінің қолынан қаза тапқан әйел туралы көршілері сөз қозғады

Түркістанда күйеуінің қолынан қаза тапқан әйел туралы көршілері сөз қозғады
Фото: әлеуметтік желі

Түркістанда 54 жастағы әйел күйеуінің пышақ жарақатынан көз жұмды. Қайғылы жағдайды алғаш болып ерлі-зайыптылардың кенже ұлы байқаған, деп хабарлайды ult.kz.

Көршілердің айтуынша, жас жігіт анасының дауысын естіп, бөлмеге кірген. Сол сәтте әйелдің ауыр жарақат алғанын көріп, бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оны ауруханаға жеткізгенімен, 54 жастағы әйел жансақтау бөлімінде қайтыс болған.

«Кішкентай баласы “апа, мен кешігіп қалдым” дейді. Ұйықтап жатқан екен. Мамамның даусын естіп шықсам, қан атқылап жатыр дейді», – деді марқұмның көршісі Гүлнар Сапарова.

Көршілердің сөзінше, ерлі-зайыптының шаңырақ көтергеніне 25 жыл болған. Осы уақыт ішінде олар төрт баланы тәрбиелеп өсірген. Марқұм әйелдің өмір бойы үй шаруасымен айналысқаны айтылды.

Сонымен қатар көршілері әйелдің жолдасынан 13 жас кіші болғанын жеткізді. Ер адамның бұл екінші некесі екені белгілі болды.

Жақындарының айтуынша, отбасы сырт көзге тату-тәтті көрінген. Бұған дейін ерлі-зайыптылар арасында қандай да бір жанжал немесе келеңсіз жағдай болғаны байқалмаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал кезінде ер адам әйеліне пышақ жарақатын салған. Кейін өзі де денесіне пышақ сұғып, өзіне қол жұмсамақ болған. Қазір ол ауруханада жатыр.

Оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.