Түркістан облысында бір отбасы жоғалып кетті

Түркістан облысында бір отбасы жоғалып кетті
Фото: Instagram/ Гүлмира Әбіқай

Түркістан облысы, Отырар ауданында бір отбасы жоғалып кетті, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай айтты. 

“06.07.26 түнде қызының жағдайын білуге келген өз анасы мен енесі Ұлдананың орнын сипап қалған. Келін де, 4 бала да жоқ. Күйеуі вахтада жұмыс істейді. Ауыл арасы, таныстарға кеткен болар деп ертеңіне күтіп-күтіп туыстардың төзімі таусылып полицияға хабар берген. 

“Ұлдананың сәл ақыл-ес кемістігі бар, ешкімге зияны жоқ адам. Сол аңқаулығын пайдаланып, алдау-арбауға түсіп қалды ма екен? Ішкі істер органы ықыласпен қарамай отыр” деп жазыпты маған. 

Шынында да, туыстардың айтқаны рас болса полиция 6 күннен бері 5 адамды іздемей бейқам  жүргені қалай? 

Шиеттей 4 баламен бір түнде қайда ғайып болуы мүмкін?

Әдетте, баламен ұбап-шұбаған әйел елдің көзіне бірден түседі емес пе?!

Бірақ, 6 күннен бері Ұлдана мен 4 баласын көрдім-білдім деген жан жоқ?!

Бір отбасы түгел жоғалды десе Сұлтаннан соң қорқып қалдық қой өзі. Бұлар аман болса екен”, - деп жазды журналист.