Түркістан облысында ата-ана ақша үшін балаларын зорлаған еркекті кешірген

Түркістан облысында ата-ана ақша үшін балаларын зорлаған еркекті кешірген
Фото: freepik

Түркістан қаласы мен облыстың бірнеше ауданында кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасады деген күдікпен үш ер адам ұсталып, қамауға алынған. Бұл туралы адвокат Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Адвокаттың айтуынша, Түркістан қаласында 61 жастағы ер адам 6 жастағы қызға жыныстық зорлық жасады деген күдікке ілінген. Ол қамауға алынған.

Сауран ауданында 53 жастағы азамат 7 жастағы қызға қатысты осындай қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. Ал Шардара ауданында 31 жастағы ер адам 16 жастағы жасөспірімге жыныстық зорлық көрсетті деген күдікке ілінген.

Ләззат Рақышева қылмыстық іс аяқталғаннан кейін балалардың әрі қарайғы тағдырына алаңдайтынын жеткізді.

Адвокаттың мәліметінше, бұған дейін Түркістан облысында жыныстық зорлықтан зардап шеккен екі баланың ата-анасы күдіктілерден ақша алып, істі жеңіл бапқа қайта саралауға келіскен жағдайлар болған.

Оның сөзінше, бір отбасына 5 миллион теңге, екіншісіне 2 миллион теңге ұсынылған. Кейін ата-аналар күдіктілерді кешірген.

Рақышева мұндай жағдайда басты назар баланың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына аударылуы керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, жыныстық зорлықтан зардап шеккен балаларға көмек тек тергеу кезінде ғана емес, қылмыстық іс аяқталғаннан кейін де көрсетілуі қажет.

Адвокат балалардың психологиялық жарақатын жеңілдету үшін кәсіби мамандардың ұзақ мерзімді қолдауы маңызды екенін айтты.