Түркияның Ыстамбұл қаласын су басты: бір бала қаза тапты

Түркияның Ыстамбұл қаласын су басты: бір бала қаза тапты
ашық дереккөз

Түркияның Ыстамбұл қаласында толассыз жауған жаңбыр салдарынан көшелерді, жерасты өткелдерін, үйлер мен кәсіп нысандарын су басты. Табиғи құбылыс көлік қозғалысына кедергі келтіріп, қалада төтенше жағдай қызметтеріне 2,5 мыңнан астам хабарлама түсті, деп хабарлайды ult.kz Анадолу Агентлиги ақпарат порталына сілтеме жасап. 

14 қазанда таңғы сағат 06:00-ден кешкі 20:00-ге дейін құтқару қызметтеріне 2 518 хабарлама түскен. Оның 1 277-сі су басуға, 15-і көшкінге қатысты болған. Сонымен қатар 47 адам су басқан аумақта қалып қойғаны хабарланды. 

Қаладағы ең көп жауын Бейкоз ауданының Өмерлі бөлігінде тіркелген. Мұнда бір шаршы метрге 193,84 миллиметр жауын-шашын түскен. Сарыйер ауданында бұл көрсеткіш 124,72 миллиметрге жеткен. 

Нөсер салдарынан 808 тұрғын үй мен 280 кәсіп нысанын су басқаны туралы хабарлама түскен. Кей аудандарда жолдар опырылып, метро станциялары мен ауруханаларға да су кірген.

Табиғи апат салдарынан 14 жастағы бала қаза тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Фатих ауданындағы Балат аумағында жаңбыр суын басып, электр тогына түскен. Оны ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер аман алып қала алмаған.

Қала билігі тұрғындарды аса қажет болмаса, сыртқа шықпауға шақырды. 15 қазанда Ыстамбұлдағы мектептерде сабақ тоқтатылып, мотоциклдер мен өзге де екі дөңгелекті көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Құтқару жұмыстарына шамамен 8 мың маман мен 2 мың техника жұмылдырылған.