Түркияның Анталья қаласында аниматор болып жұмыс істеген 18 жастағы Қазақстан азаматы жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмды. Қайғылы оқиға 15 маусым күні болған, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Антальядағы Бас консулдық марқұмның денесін елге қайтаруға байланысты барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсеткен.
«Қазақстан Республикасының Антальядағы Бас консулдығы құжаттарды рәсімдеу және түрік құзырлы органдарымен бірлесіп азаматтың денесін елге жеткізуді ұйымдастыру бойынша барлық қажетті жұмыстарды атқарды», – деп хабарлады ведомство.
Марқұмның денесі Қазақстанға 17 маусымда жеткізілді. Репатриация жұмыс беруші мен серіктес ұйымдардың қаржылай қолдауымен жүзеге асырылған.
Сыртқы істер министрлігі бұл мәселенің Бас консулдықтың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар Түркияның құзырлы органдарымен өзара іс-қимылды жалғастырып жатыр.