Түркі мемлекеттері ортақ шахмат академиясын ашады

Түркі мемлекеттері ортақ шахмат академиясын ашады

Turkic Chess Association (TCA) ұйымына мүше мемлекеттер ортақ шахмат академиясын ашып, халықаралық жаңа турнирлер топтамасын, сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлау бағдарламаларын іске қосуды көздеп отыр. Бұл жобалар Самарқандта өткен Бас Ассамблеяда талқыланған TCA-ның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының негізгі өзегіне айналды, деп хабарлайды ult.kz.

Басты бастамалардың бірі – Turkic Chess Academy. Жаңа құрылым әр елдегі шахмат мектептерінің озық тәжірибесін бір арнаға тоғыстырады. Жоба аясында жаттықтырушылар мен төрешілерді бірлесе дайындау, әдістемелік алмасу, семинарлар мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар шахматты цифрландыру саласында сарапшылар мен заманауи шешімдермен бөлісуге басымдық беріледі.

Түркі шахмат қауымдастығының жарыс күнтізбесі де едәуір кеңейеді. TCA командалық және жекелеген турнирлерді, оқу-жаттығу жиындары мен спаррингтерді жиірек өткізуді көздеп отыр. Оған қоса, жас шахматшылар мен ардагерлер үшін бөлек жарыстар қарастырылған. Атап айтқанда, Түркістанда ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей чемпионаттарды және ардагерлер арасындағы турнирді өткізу жоспарда бар.

TCA президенті әрі Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов өңір елдері арасында мұндай ауқымды серіктестікті дамытуға берік негіз қалыптасқанын атап өтті.

«Біз елімізде шахматтың қаншалықты қарқынды дамып келе жатқанын және оның маңызы жоғары екенін көріп отырмыз. Мүмкіндіктерімізді одан әрі кеңейтіп, шахмат мектептерін өркендету және өңірде ашық турнирлерді көбірек өткізу маңызды. Бізде әлемдегі ең дамыған шахмат экожүйелерінің бірі қалыптасқан, мұны біз мақтанышпен айта аламыз», – деді ол.

ҚШФ президенті атап өткендей, бірлестіктің басты міндеттерінің бірі – әртүрлі шахмат мектептерінің мықты тұстарын тиімді пайдаланып, өзара тәжірибе алмасуды тұрақты үрдіске айналдыру.

«Біз білім, пікір мен тәжірибе бөлісудің, жаттықтырушылар мен төрешілерді ротациялаудың, сондай-ақ цифрлық әзірлемелермен бөлісудің барлық мүмкіндігін толық пайдалануымыз керек. Біз үшін өзара сенім мен үйлесімді әрекет ету өте маңызды», – деді Тимур Турлов.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовта Қауымдастыққа мүше елдердің халықаралық шахмат аренасында беделі биік екенін атап өтті.

«Ұйымға кіретін мемлекеттер бүгінде шахматты дамыту тұрғысынан көшбасшылар қатарында. Олимпиаданы қабылдап жатқан Өзбекстанның, Әзербайжанның мықты құрамасының және басқа да елдердің елеулі табыстарына куә болып отырмыз. Сондықтан бiздiң бiр-бiрiмiзбен бөлiсер тәжiрибемiз мол. Атап айтқанда, өзара әзірлемелерді бөлісу жүзеге асады, сондай-ақ бірлескен онлайн шахмат академиясын ашу жоспарланған. Қауымдастықтың даму бағытын айқындайтын арнайы стратегия мен күнтізбелік жоспар әзірледік», – дейді Дәрмен Сәдуақасов.

Бұл жоспарлардың кейбірі қазірдің өзінде іс жүзінде орындалуда. Мамыр айында Астанада жүлде қоры 60 мың долларды құраған алғашқы TCA командалық чемпионаты өтті. Командалар үш санат бойынша сынға түсті: ашық, әйелдер және U16. Ашық турнирде Қазақстан-2 кубокты жеңіп алса, Қазақстан-1 екінші орынға ие болды. Әйелдер арасындағы жарыста Қазақстан-1 күміс жүлдені иеленсе, ал U16 санатында отандық құрамалар күміс пен қоланы қанжығаға байлады. 

Тамыз айында Ашхабадта өткен Kids Expo Chess Cup 2026 турниріне сегіз елден 94 жас шахматшы қатысты. Қазақстан құрамасы бұл сында төрт медаль еншіледі: бір алтын және үш қола.

Тимур Турлов Қауымдастықтың негізгі стратегиясы жекелеген турнирлерге емес, ұзақ мерзімді жүйелі жұмысқа негізделгенін баса айтты.

«Ұзақ мерзімді жетістіктер –  бұл кездейсоқ сәттіліктің нәтижесі емес. Бұл – әрдайым алысты көздейтін пайымның және жылдан жылға атқарылатын жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұған мамандарсыз, қаржы мен ресурссыз, мемлекет пен түрлі буын өкілдерінің өзара ықпалдастығынсыз, сондай-ақ тұрақтылық пен ынтымақтастықсыз қол жеткізу мүмкін емес. Бірге әрекет ету арқылы біз әлдеқайда жоғары белестерді бағындыра аламыз», – деді ол.

Turkic Chess Association түркі елдерінің шахмат федерацияларын бірлескен жарыстар өткізу, шахматшыларды даярлау және тәжірибе алмасу мақсатында біріктіреді. Ұйымды құру идеясын 2024 жылдың қыркүйегінде FIDE Бас Ассамблеясы қолдаған болатын. 2025 жылдың қазан айында Астанада алты елдің өкілдері меморандумға қол қойды. TCA-ның штаб-пәтері Түркістан қаласында орналасқан.

2026 жылы Қауымдастық басшылығына Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов сайланды. Самарқандта талқыланған стратегия TCA-ның 2030 жылға дейінгі жоспарларын айқындайды; оларға бірлескен академия мен жаңа турнирлерден бастап, мамандарды даярлау және шахмат федерациялары арасындағы тұрақты тәжірибе алмасу шаралары кіреді.