Қазақстанда жыл басынан бері кибералаяқтыққа қатысты 9 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды ult.kz.
24KZ телеарнасынның хабарлауынша, осы кезеңде киберқылмысқа қатысы бар 750-ге жуық адам жауапкершілікке тартылған.
Мамандардың айтуынша, көптеген азамат аккаунттарын қорғау үшін туған күнін, телефон нөмірін немесе қарапайым сандар комбинациясын пароль ретінде қолданады. Алайда мұндай құпиясөздерді алаяқтар мен хакерлер жақсы біледі.
Әлемде ең жиі қолданылатын парольдердің қатарында әлі күнге дейін «123456» және «QWERTY» секілді қарапайым нұсқалар көш бастап тұр. Сарапшылар мұндай парольдердің бірнеше секунд ішінде бұзылуы мүмкін екенін ескертеді.
Сонымен қатар бір парольді бірнеше аккаунтта пайдалану да қауіпті. Егер бір сервистегі деректер сыртқа шығып кетсе, қаскөйлер басқа аккаунттарға да оңай қол жеткізе алады. Сондықтан мамандар әр сервис үшін бөлек пароль орнатып, қос факторлы аутентификацияны қосуды ұсынады.
ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов азаматтарды күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері WhatsApp арқылы немесе телефонмен арнайы операциялар жүргізбейді.
Мамандардың пікірінше, онлайн алаяқтардың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Сондықтан жеке деректерді қорғаудың ең тиімді жолы – цифрлық сауаттылықты арттырып, күмәнді әрекеттерге сақтықпен қарау.