АҚШ президенті Дональд Трамп туу арқылы азаматтық алуды шектеуге және «босану туризміне» қарсы күреске бағытталған екі жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.
Бірінші жарлыққа сәйкес, шетел азаматтарының АҚШ-қа арнайы босану үшін келіп, сәбиіне автоматты түрде АҚШ азаматтығын алып беру тәжірибесіне тосқауыл қойылады. Бұл шектеу осындай мақсатта қолданылатын суррогат ана қызметіне де қатысты.
Екінші жарлық АҚШ-та дүниеге келгенімен, автоматты түрде азаматтық ала алмайтын балалардың санатын кеңейтеді. Бұған дейін мұндай шектеу дипломаттар мен халықаралық ұйым қызметкерлерінің балаларына ғана қолданылса, енді АҚШ «жау мемлекеттер» деп санайтын елдердің азаматтарының және террористік ұйымдармен байланысы бар адамдардың балаларына да таралады.
Сонымен қатар Трамп Мемлекеттік департамент пен Ішкі қауіпсіздік министрлігіне «босану туризмі» схемаларын анықтап, олардың жолын кесуді тапсырды.
Ақ үйдің мәлімдеуінше, мұндай қызметтер АҚШ-тың иммиграциялық заңдарын айналып өтуге мүмкіндік беріп, әлемнің әртүрлі елдерінде делдалдар үшін табысты бизнеске айналған.
Алайда бұл мәселе әлі де құқықтық дауға ұласуы мүмкін. Себебі АҚШ Конституциясының 14-түзетуіне сәйкес, ел аумағында дүниеге келген және АҚШ юрисдикциясына жататын адамдарға азаматтық беріледі. Дональд Трамп бұл норманы өзгертуге бұған дейін де бірнеше рет талпыныс жасаған.
Еске салайық, биыл маусым айында АҚШ Жоғарғы соты Трамптың осыған ұқсас алғашқы жарлығының күшіне енуіне тосқауыл қойған болатын. Сарапшылардың пікірінше, жаңа жарлықтар да сотта даулануы әбден мүмкін.