Төрт теміржолшының қазасына қатысты іс: диспетчер сотталып, екі қызметкерге үкім шықты

Төрт теміржолшының қазасына қатысты іс: диспетчер сотталып, екі қызметкерге үкім шықты
24.kz

Жамбыл облысында төрт теміржол қызметкерінің қазасына себеп болған қайғылы оқиғаға байланысты үш адамға сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 желтоқсанда «Шешенқара – Қаражыңғыл» теміржол учаскесінде болған. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бригаданы жүк пойызы қағып, салдарынан төрт адам көз жұмып, тағы екі жұмысшы түрлі жарақат алған.

Прокуратураның мәліметінше, жөндеу жұмыстары теміржол қозғалысын уақытша тоқтатпай әрі қажетті қауіпсіздік талаптарын сақтамай жүргізілген. Сондай-ақ пойыз машинисіне жол бойында адамдардың жұмыс істеп жүргені туралы дер кезінде хабар берілмеген.

Сот шешімімен пойыз диспетчері 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Сарышаған жол дистанциясының екі қызметкері 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Сонымен қатар, сотталған үш азаматтың да теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда қызмет атқаруына тыйым салынды.