Алматыда сегізінші қабаттан құлаған 13 жастағы жасөспірімнің өмірін дәрігерлер сақтап қалды. Шамамен 24 метр биіктіктен құлаған баланың жағдайы ауруханаға жеткізілген кезде аса ауыр болған, деп хабарлайды ult.kz.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жасөспірімді жедел жәрдем бригадасы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер оның бас-ми жарақатын алғанын, миы соғылғанын, қол-аяғы бірнеше жерден сынғанын анықтады. Сонымен қатар кеуде және құрсақ қуысы ағзалары зақымданып, травматикалық шок болған.
Бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Жарақаттардың ауқымын анықтау үшін басынан аяғына дейін компьютерлік томография жасалды.
Аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Медетали Мәкілбековтің айтуынша, дәрігерлер алғашқы екі тәулікте жасөспірімнің өмірлік маңызды ағзаларының қызметін тұрақтандыруға күш салған. Кейін науқасқа ота жасалып, үшінші күні жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылған.
Жалпы, травматологтар мен реаниматологтардан құралған медициналық топ төрт ота жасаған.
«Сегізінші қабаттан құлау – өте ауыр жарақат. Баланың аман қалуының өзі үлкен жетістік. Біздің команда бірден қажетті медициналық көмек көрсетуге кірісті. Жарақаттардың сипаты мен ауырлығын ескере отырып, төрт ота жасау туралы шешім қабылданды. Барлық операция сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы оң болжам жасауға мүмкіндік береді», – деді аурухана директорының орынбасары Құрметбек Тоқтар.
Дәрігерлердің айтуынша, жасөспірімге әлі де ем қабылдап, қалпына келу және оңалту шараларынан өту қажет.