Медициналық ұйым басшыларының 20 пайызы аттестаттаудан өте алмады

Медициналық ұйым басшыларының 20 пайызы аттестаттаудан өте алмады
gov.kz

Қазақстанда перзентхана, балалар стационары мен жедел жәрдем станцияларының басшылары және олардың орынбасарларын аттестаттау кезінде әрбір бесінші қатысушы қажетті балл жинай алмаған. 2026 жылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша тестілеуге қатысқан 235 адамның 47-сі межеден өте алмады, деп хабарлайды ult.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тестілеу 14 қазаннан бері жалғасып келеді. Қазіргі уақытта аттестаттаудан өтуге тиіс мамандардың 72,1 пайызы сынақ тапсырған.

Нәтижесінде 188 адам немесе қатысушылардың 80 пайызы тестілеуден сәтті өткен. Ал қажетті балл жинай алмағандардың қатарында 25 басшы мен 22 орынбасар бар. Тағы 27 адам тестілеуге келмеген.

Теріс нәтиже көрсеткендер Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында көп тіркелген. Бұл үш өңірге тестілеуден өте алмағандардың 55,3 пайызы тиесілі. Ал Астана мен Павлодар облысында барлық қатысушы қажетті балл жинаған.

Тестілеуден өтпегендер сұхбаттасу кезеңіне жіберілмейді. Олар алты айдан кейін қайта аттестаттаудан өтуі керек.

Айта кетейік, аттестаттау тек перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының басшылары және олардың орынбасарларына жүргізіледі. Тестілеу 2026 жылғы желтоқсанның соңына дейін жалғасады. Ал жарияланған көрсеткіштер – бірінші кезеңнің аралық нәтижелері.