Маңғыстау облысында төрт адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға биыл маусым айында Ақтау–Бейнеу автожолының 424/362 шақырымында болған. Сот материалдарына сәйкес, Toyota Camry автокөлігін басқарған жүргізуші жол қозғалысы ережесін бұзып, жоғары жылдамдықпен келе жатып, өзімен бір бағытта қозғалған КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан жеңіл көлікте отырған төрт жолаушы ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұраған. Жәбірленушілер де оған қатысты материалдық немесе моральдық талап қоймай, кешіргендерін айтып, жеңіл жаза тағайындауды сұраған.
Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, ІІ топтағы мүгедектігін және жәбірленушілер тарапынан талаптардың болмауын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Сот үкімімен жүргізуші 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.