Төрехан Сабырхан 12 жылдық үзілістен кейін Қазақстанға Азия ойындарының алтынын әкелді

Төрехан Сабырхан 12 жылдық үзілістен кейін Қазақстанға Азия ойындарының алтынын әкелді
ТСМ

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Жапонияның Айчи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында чемпион атанды, деп хабарлайды ult.kz.

70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан финалда Иордания өкілі З. Ишашпен кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер қазақстандық боксшының жеңісін бірауыздан қолдап, есеп 5:0 болды.

Бұл — Қазақстан боксшыларының Азия ойындарындағы 12 жыл ішіндегі алғашқы алтын медалі.

Қазақстан құрамасы бұған дейін бокстан 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында чемпион атанған еді. Ал 2018 жылы Джакартада және 2022 жылы Ханчжоуда өткен жарыстарда қазақстандық боксшылар алтын медаль иелене алмады.

Төрехан Сабырхан — биылғы Азия ойындарына ұлттық құраманың негізгі көшбасшыларының бірі ретінде барған спортшы. Ол 2025 жылы Ливерпульде өткен World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған.

Сол әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққан.

Қазақстанда бокс спортын дамыту бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2026–2030 жылдарға арналған Боксты дамытудың тұжырымдамасы жаттығу үдерісін жетілдіруді, спорт инфрақұрылымын дамытуды, медициналық және ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді күшейтуді, сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруды көздейді.

Қазір елімізде 153 мыңнан астам адам бокспен айналысады. Барлық 20 өңірде 2 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 39 мыңнан астам бала бокс үйірмелеріне қатысады.

Осылайша, Төрехан Сабырханның Азия ойындарындағы жеңісі Қазақстан боксына 12 жылдан кейін алтын медаль сыйлады