Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, жасанды интеллектіні дамытудағы халықаралық серіктестіктің маңызын атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысы Қытайдың жасанды интеллект саласындағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, әлемдегі ЖИ зерттеушілерінің жартысынан астамы осы елдің өкілдері екенін және патенттердің басым бөлігі қытайлық мамандарға тиесілі екенін айтты.
Президент конференцияда ұсынылған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін жасанды интеллект» тұжырымдамасын қолдайтынын білдіріп, технологиялық прогресс әділдік, өзара сенім және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына негізделуі қажет екенін жеткізді.
Сөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллекттің жаһандық экономикадағы рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, БҰҰ болжамына сәйкес, 2033 жылға қарай әлемдік ЖИ нарығының көлемі 5 триллион долларға жетуі мүмкін. Осыған байланысты Президент ЖИ-ді басқарудың кешенді жүйесін қалыптастыру қажеттігін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл бағыттағы басымдықтарына тоқталды. Президенттің айтуынша, елде 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланып, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясы қабылданды. Сондай-ақ Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс күшіне енді, Астанада Smart City платформасы іске қосылып, оны еліміздің барлық ірі қалаларына енгізу жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын да мәлімдеді. Бұдан бөлек, Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының алғашқы отырысын Астанада өткізуге және оның Орталық Азиядағы өкілдігін елімізде орналастыруға дайын екенін жеткізді.